Мемлекет басшысы: Қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл қорытындысымен танысты,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы. 
🟦

«Қазмедиа орталығының» студиясында экзит-полл нәтижелері таныстырылды. Артынша Мемлекет басшысы мәлімдеме жасады.

– Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берген Конституция – еліміздің темірқазығы.
Айта кетейік, Exit poll нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 86,7 пайызы жаңа ата заңды «Иә, қабылдаймын» деп жауап берген. Референдумға азаматтардың қатысуы 75,3 пайыз болды. Енді алдағы жылдан бастап елімізде 15 наурыз Конституция күні ретінде Мемлекеттік мереке болып бекітіледі. Бұл күні қазақстандықтар демалатын болады.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика