Қазақстанда верификациядан өтпеген 23 мыңға жуық жаңа iPhone «қара тізімге» еніп, бұғатталуы мүмкін. Бұл туралы Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Оның айтуынша, қыркүйек айының соңынан қазан айына дейін, iPhone 18 смартфоны сатылымға шыққаннан кейін, желіде 279 мың жаңа құрылғы тіркелген. Оның 85 пайызы Қазақстанда сатып алынып, верификациядан сәтті өткен.
Алайда верификацияға берілген өтінімдердің арасынан күмәнді жағдайлар анықталған. Атап айтқанда, бір IP-мекенжайдан мыңдаған телефонды тіркеуге өтінім берілген. Қазір бұл деректерді құзырлы органдар тексеріп жатыр.
Дамир Сейсембековтің сөзінше, аталған құрылғыларды «сұр» дилерлер елге заңсыз жолмен немесе шетелден әкелуі мүмкін.
Смартфон иелеріне құрылғыны верификациядан өткізу үшін 30 күн уақыт беріледі. Осы мерзім аяқталғаннан кейін талап орындалмаған телефондар «қара тізімге» енгізіліп, бұғатталады-деді ол
Комитет төрағасы күшіне енген заңнамалық өзгерістерге сәйкес, қазақстандықтар верификациядан өтпеген телефонды кез келген уақытта сатушыға қайтара алатынын еске салды. Ал сатушылар тек верификациядан өткен құрылғыларды сатуға міндетті.
