Алматы-1 вокзалы жақын күндері қайта ашылады

Алматыдағы Алматы-1 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанды жуық арада пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір ғимараттың ішкі әрлеу және аумағын абаттандыру жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Алматы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев вокзалға барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Оның айтуынша, вокзалдың қайта ашылуын қала тұрғындары асыға күтіп отыр.

Мердігер компанияның мәліметінше, ғимаратқа қажетті жиһаздар толық жеткізілген, қазір оларды құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар вокзал ішінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының музейі мен капсулалық қонақүй ашу жоспарланған. Лифтілер мен эскалаторлар да іске қосылған.

25 қарашадан бастап вокзал ғимаратын тазалау жұмыстары басталады. Ал сыртқы аумақта абаттандыру, гранит төсеу және пойыздар кестесі көрсетілетін ақпараттық экран орнату жұмыстары жалғасып жатыр.

Нысанды аралау барысында Алмасхан Сматлаев ғимараттың безендірілуі мен сыртқы жарықтандыруына қатысты бірқатар ескерту жасаған. Сондай-ақ вокзал аумағында сауда орындарының ретсіз орналасуына жол бермей, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен мәдениетін арттыру қажеттігін атап өткен.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика