Мемлекеттік қызметкерлер Aitu мессенджерін күнделікті пайдаланып, қызметтік ақпаратты тек осы платформа арқылы жолдауы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді деп хабарлайды Jurtmedia.kz.
Үкімет басшысы ұлттық мессенджерді дамыту жұмыстарын жандандырып, мемлекеттік қызметшілердің оны тұрақты пайдалануын бақылауды тапсырды.
Қызметтік ақпарат тек осы ұлттық мессенджер арқылы жіберілуі қажет. Мұны бақылауда ұстау керек, – деді Олжас Бектенов.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, қазір Aitu-да 7 миллионға жуық адам тіркелген. Күн сайын шамамен 350 мың пайдаланушы қолданады.
Жыл соңына дейін мессенджер арқылы 55 мемлекеттік қызметті қолжетімді ету жоспарланып отыр. Ал болашақта eGov жүйесіндегі қызметтердің 75–80 пайызын Aitu-ға біріктіру көзделген.
Айта кетейік, Aitu Қазақстанда 2018 жылы іске қосылған. 2025 жылы Президент дербес деректер қамтылған коммуникацияларды қорғалған ұлттық мессенджерге көшіруді тапсырған болатын.
