Кино керуені: Астанада «Түрік киносы күндері» басталды

Астанада түрік кино өнерінің үздік туындыларын көрерменге таныстырып, қос халықтың рухани-мәдени байланысын нығайтуға бағытталған «Түрік киносы күндері» басталды, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Кеше елордадағы MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында орналасқан Chaplin кинотеатрында мәдени іс-шараның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бес күнге жоспарланған кино апталығы аясында түрік кинематографиясының халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланған, түрлі марапаттарға ие болған және «Оскар» сыйлығына ұсынылған алты туындысы көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар түрік телехикаялары арқылы көрерменге кеңінен танылған актерлер мен кино саласының белгілі өкілдері елордаға арнайы келіп, өнерсүйер қауыммен жүздесті.

Мәдени іс-шараны Yerli Düşünce қауымдастығы Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының және Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды. Басты мақсат – екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, кинематография саласындағы шығармашылық байланысты тереңдету және түрік халқының тарихын, мәдениетін, дүниетанымы мен рухани құндылықтарын кино өнері арқылы кеңінен таныту болып отыр.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу, Түркия Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті Кинематография басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аймахан Алтынбай, сондай-ақ түрік киносының актерлері, режиссерлері, продюсерлері мен шығармашылық топ өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған Түркия Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи, тілдік, рухани және мәдени сабақтастықтың тереңдігіне тоқталып, кино өнерінің бауырлас халықтарды жақындастыратын маңызды құрал екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай мәдени кездесулер екі елдің шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Біз — бір-біріне жақын, тарихы мен тағдыры ортақ бауырлас елдерміз. Осындай басқосулардың басты мақсаты да сол, өзара жақындығымызды одан әрі арттырып, мәдени байланыстарымызды нығайту. Бір ай бұрын Ыстанбұл қаласында бүкіл түркі әлемінің өкілдері қатысқан «Қорқыт ата» кинофестивалін өткіздік. Фестиваль аясында Қазақстан тарапынан ұсынылған фильмдер де жоғары деңгейде бағаланып, қазақ кино өнері халықаралық ортада лайықты дәрежеде таныстырылды»,-деді Бирол Гүвен.

Ол сондай-ақ жақында Түркияда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі COP31 саммиті аясында жүзеге асырылған «Бес режиссер, бес жасыл фильм» жобасына тоқталды. Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық жауапкершілікті насихаттауды мақсат еткен бастама аясында табиғатқа ұқыпты қарау идеясын арқау еткен бірқатар туынды жарық көрген. Солардың бірі – кино апталығының ашылуында көрерменге ұсынылған Diğerkam (Өзгенің игілігі үшін) қысқаметражды фильмі. Бирол Гүвен алдағы уақытта да Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени жобалардың ауқымы кеңейіп, бірлескен кино өндірісі жолға қойылуға тиіс екенін айтты. Ол екі елдің ортақ тарихы мен құндылықтарын арқау еткен фильмдер мен телехикаялар халықаралық көрерменге екі халықтың болмысын тереңірек танытуға мүмкіндік беретінін жеткізіп, қазақстандық көрермендерді бес күн бойы ұсынылатын фильмдерді тамашалауға шақырды.

Ал еліміздің атынан сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті Кинематография басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аймахан Алтынбай да бауырлас мемлекеттер арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, түрік делегациясына ризашылығын жеткізді. Сонымен бірге мұндай мәдени жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Қазақстан мен Түркияның шығармашылық әріптестігін жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу түрік кинематографиясының халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне назар аударды. Оның сөзінше, кино – тек өнер туындысы ғана емес, сонымен қатар түрік халқының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын әлемге танытатын пәрменді құрал. Соңғы жылдары түрік фильмдері мен телехикаяларының халықаралық аудитория арасындағы танымалдығы артып келе жатқанын атап өткен Елші кино апталығын ұйымдастыруға үлес қосқан Yerli Düşünce қауымдастығына, Түркияның Мәдениет және туризм министрлігіне, Қазақстан тарапына және іс-шараға қатысқан барша қонаққа алғыс білдірді.

Кино апталығының ашылуына келген қонақтардың қатарында көрерменге «Шұңқыр» (Çukur), «Қилы күндер» (Karadayı) телехикаялары арқылы жақсы таныс актер Рыза Коджаоглу, «Жүректегі күз» (Hercai) телехикаясымен танылған Илай Еркөк, «Қайта оралу: Ертұғырыл» (Diriliş: Ertuğrul) және «Осман» (Kuruluş: Osman) сериалдарындағы рөлдерімен белгілі Сезгин Ердемир болды. Сонымен бірге режиссерлер Али Өзел, Угур Яджыоғлу, Айдын Сарман және сценарист Пынар Яджыоғлу да елордадағы мәдени кездесуге қатысты.

Әсіресе Рыза Коджаоглудың елордалық көрерменмен жүздесуі көпшілік үшін ерекше әсерлі сәттердің бірі болды. Түрік актері Қазақстанға келгеннен бері өзін үйіндегідей сезінгенін айтып, жергілікті жұрттың ыстық ықыласына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар болашақта Қазақстан мен Түркия кинематографистері бірлескен фильм түсіруге ниет білдірсе, мұндай жобаға қуана қатысатынын жеткізді.

Бұл пікір қос елдің кино саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға деген өзара қызығушылықты аңғартты. Шынында да, түрік телехикаяларының Қазақстанда кеңінен танымал болуы екі халықтың мәдени жақындығын айқындай түседі. Экран арқылы қалыптасқан көрермен ықыласының осындай кездесулерде шынайы жүздесуге ұласуы да мәдени байланыстың жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Сонымен кеше кино апталығының шымылдығы «Өзгенің игілігі үшін» атты қысқаметражды фильммен ашылды. Сценарийін Пынар Яджыоғлу жазып, режиссерлік еткен Угур Яджыоғлу түсірген туындының басты рөлдерін Рыза Коджаоглу мен Илай Еркөк сомдайды. Он минуттық фильмде адам мен қоршаған орта арасындағы байланыс, табиғатқа жанашырлықпен қарау және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері қозғалады. Картинаны өндіру кезінде атмосфераға келетін зиянды барынша азайту, бір рет қолданылатын заттардан бас тарту, декорациялар мен костюмдерді қайта кәдеге жарату қағидаттары сақталған. Сондай-ақ кеше көрермен назарына ұсынылған екінші туынды — Түркия атынан 99-шы «Оскар» сыйлығының «Үздік халықаралық фильм» аталымына ресми ұсынылған Kesilmiş Bir Ağaç Gibi («Бұтақсыз қалған ағаштай») картинасы. Режиссер Тунч Давут түсірген фильмдегі басты рөлдерді Фейяз Думан, Али Ипин және Селен Куртаран сомдайды.

Алдағы күндері де көрермендерді мазмұны мен жанры әртүрлі фильмдер күтіп тұр. 27 қараша күні сағат 18:00-де 14-ші Босфор кинофестивалінде «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актриса» және FİYAB ұйымының «Үздік продюсер» марапаттарын иеленген Beklenti драмасы көрсетіледі. Али Өзел продюсерлік етіп, түсірген фильмде Озан Дағара, Хакан Салынмыш, Берк Өзтүрік және Дуйгу Шен ойнайды. Оқиға Анадолыдағы шалғай ауылдардың бірінде дәрігер әйелдің өлі күйінде табылуынан кейін өрбиді. Ал 28 қараша күні сағат 20:00-де көрермен назарына Mutluyuz Mu? («Бақыттымыз ба?») комедиялық фильмі ұсынылады. Ибрахим Бүйүкак пен Емрах Агуш режиссерлік еткен туындыда басты рөлдерді Ибрахим Бүйүкак пен Ясемин Сакаллыоглу сомдайды. Ал 29 қараша күні сағат 16:00-де балалар мен отбасылық көрерменге арналған Rafadan Tayfa: Kapadokya («Рафадан тайфа: Каппадокия») анимациялық фильмі көрсетіледі. Исмаил Фидан түсірген бұл туынды балалар арасында кеңінен танымал Rafadan Tayfa анимациялық топтамасының бесінші бөлімі саналады.

Кино апталығының қорытынды көрсетілімі 30 қараша күні сағат 18:00-де өтеді. Бұл күні режиссер Йүксел Аксу түсірген Bak Postacı Geliyor («Қара, пошташы келе жатыр») романтикалық фильмі ұсынылады. Оқиғасы 1950 жылдары Эгей теңізінің жағалауындағы шағын қалашықта өрбитін картинада пошта қызметкері Османның сүйіктісі Гүлизарға қосылу жолындағы талпынысы баяндалады. Басты кейіпкерлерді Дениз Барут пен Озан Акбаба сомдайды.

Осылайша, бес күнге жоспарланған кино апталығы драмадан комедияға, әлеуметтік мазмұндағы қысқаметражды фильмнен романтикалық оқиға мен анимациялық туындыға дейінгі сан алуан жанрды қамтиды. Бағдарламадағы барлық фильм қазақша субтитрмен көрсетіліп, көрермен үшін кіру тегін ұйымдастырылған.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика