Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қоғам белсендісі Санжар Боқаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Үкімді судья Жанат Әбенова шығарды.
Сот Боқаевты алаяқтық, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру бойынша кінәлі деп таныды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді.
Онымен бірге бір эпизод бойынша айыпталған жиені Мадияр Қалменов 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Іс материалдарына сәйкес, 2018 жылы Боқаев «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі қызметін атқарып жүрген кезінде халықаралық автожарыс өткізуге арналған шарттар арқылы 42,2 млн теңге жымқыруды ұйымдастырған.
Сондай-ақ тергеу нұсқасы бойынша, 2025 жылы ол және басқа да айыпталушылар Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңарту нысанынан 12 гранит тақтаны ұрлауды және Баума тоғайындағы 16 ағашты заңсыз кесуді ұйымдастырған. Бұдан бөлек, бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты жалған ақпарат таратты деп айыпталған.
26 қарашада өткен сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Санжар Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал Боқаев өзіне тағылған айыптармен келіспеген.
Еске салайық, Санжар Боқаев биыл 18 наурызда Алматыда ұсталды. Қылмыстық іс аясында оның жиені Мадияр Қалменов пен бұрынғы мобилографы Ұлан Нүсіпқожа да жауапқа тартылды. Сот процесі 16 қазанда басталған.
