Армения премьер-министрі Никол Пашинян бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеп, елдің НАТО-ға кіру жоспары жоқ екенін айтты,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы ол Армения парламентінде өткен үкімет сағатында оппозиция өкілдеріне жауап беру кезінде мәлімдеді.Пашинянның айтуынша, елде жаңа Конституция жобасында референдум өткізілуге тиіс. Егер халық құжатты қолдамаса, ол премьер-министр қызметінен кетеді. Ал Конституция мақұлданған жағдайда Әзербайжанмен бейбіт келісімге қол қойылып, құжат ратификацияланғаннан кейін және бейбіт үдерістің негізгі тармақтары жүзеге асырылған соң да қызметін босатуға дайын.
Үкімет басшысы бейбіт күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің қатарында «Трамп жолын» ашу және шекараның күрделі учаскелерін делимитациялау жұмыстарын атады.
Сонымен қатар Пашинян оппозицияға кезектен тыс парламенттік сайлау өткізу мүмкіндігін де ұсынды. Оның сөзінше, егер оппозиция Конституция жобасын референдумға шығаруға келіспесе, кезектен тыс сайлау өткізіледі.
Бұдан бөлек, Армения премьер-министрі елдің Еуропалық одаққа қосылу үдерісін бастағанын, алайда НАТО-ға мүше болу жөнінде саяси шешім қабылданбағанын атап өтті.
«Біз Еуропалық одаққа кіру үдерісін бастадық. Бірақ біздің саясатымызда НАТО-ға кіру туралы шешім де, мұндай мақсат та жоқ», деді Никол Пашинян.
