2,8 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосымша 1 миллионнан астам азамат тартылған. Олардың бір бөлігі медициналық көмек те алған,-деп хабарлайды  Jurtmedia   ақпараттық-сараптамалық порталы.

Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтайдың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комитеттің отырысында мәлімдеген. Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тіркелген жұмыссыз азаматтар мен D және E санаттарына жататын тұрғындар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төлене бастады. Бұл мақсатқа жалпы трансферттер аясында жыл сайын 30 миллиард теңгеден қарастырылған. Нәтижесінде сақтандыру жүйесіне қосымша 1 миллионнан астам адам қамтылған. Оның ішінде 815 мың азамат D және E санаттарына жатады.

Осы санаттағы 191 мың адам жеті ай ішінде медициналық көмек алған. Көрсетілген қызметтердің жалпы құны 22 миллиард теңгені құраған.

Сонымен қатар вице-министр елде әлі де 2,8 миллионға жуық азаматтың МӘМС жүйесінен тыс қалғанын атап өтіп, бұдан бөлек, 2027 жылдан бастап мемлекет төлейтін жарна мөлшерлемесін 2 пайыздан 2,2 пайызға дейін арттыру жоспарланып отырғанын жеткізген. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен өсіп, 2037 жылға қарай 4,7 пайызға ұлғаймақ. Келесі жылы осы өзгерістер есебінен жүйеге қосымша 67 миллиард теңге түседі деп күтіліп отыр.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика