Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттің қазасына байланысты бірқатар кадрлық шешім қабылданды деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Бұл туралы университеттің ресми мәлімдемесінде айтылған.
Сондай-ақ оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
Университет мәліметінше, қайғылы оқиғадан кейін барлық жатақханада кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және психологиялық көмек көрсету шаралары қолға алынған.
Оқу орны тергеу органдарына толық қолдау көрсетіп жатқанын және істің ашық әрі объективті жүргізілуіне мүдделі екенін мәлімдеді. Алайда Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу құпиясына жататын ақпаратты жариялай алмайтынын жеткізді.
Айта кетейік, бұл соңғы он күнде ҚазҰУ-да тіркелген екінші студент өлімі. География және табиғатты пайдалану факультеті студентінің қазасына қатысты күдікті ұсталды. Бұған дейін, 6 қарашада журналистика факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болған еді.
