Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа өндірістік жобаны іске асыру жоспарланып отыр деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Нәтижесінде 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның 5,5 мыңы ауылдық жерлерге тиесілі.
Министрдің айтуынша, он айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9,3%-ға өскен. Ал жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайтын 125 жоба іске қосылған. Қалған жобалар аяқталу сатысында.
Жаңа өндірістер толық қуатына шыққан кезде жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріледі. Оның 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталмақ. Жобалар аясында Қазақстанда бұрын өндірілмеген өнім түрлерін шығару көзделген. Олардың қатарында теміржол бандаждары мен доңғалақтары, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар- деді министр.
Министрдің сөзінше, отандық тауар өндірушілерді қолдау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімінде 2,6 мыңға жуық отандық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелген. Тізілімге 50 мыңнан астам өтінім түскен.
