Бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын сатып алуларда отандық компаниялар мен жергілікті өнімдерге басымдық берілуге тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Үкімет басшысының айтуынша, бюджеттен бөлінген қаражатты игеретін компаниялар өз еліміздікі болуы, ал сол қаражатқа сатып алынатын тауарлар мен материалдар отандық өндірістен алынуы қажет.
Ол елімізде белгілі бір тауар өндірілетін болса, оны шетелден импорттаудың орнына отандық өндірушілерден сатып алу керектігін атап өтті. Премьер-министр мұндай әрекетті мемлекет мүддесіне қайшы деп бағалап, Үкімет мүшелері мен өңір басшыларын өзіміздің өнімді қолдау қағидатын қатаң сақтауға шақырды.
