Астанада 1 желтоқсаннан бастап Wonderland Astana қысқы қалашығы жұмысын бастайды деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
2026-2027 жылғы маусымда келушілерге мұз айдыны, сырғанақтар, әткеншектер мен түрлі аттракциондар ұсынылады. Биылғы жаңалықтардың бірі – «Хогвартс экспресі» пойызы үлгісінде безендірілген ертегі пойызы болмақ.
Қысқы қалашық елордада үшінші жыл қатарынан ашылғалы отыр. Осы уақыт ішінде ол тұрғындар мен қала қонақтарының отбасылық демалыс орындарының біріне айналған.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық түрлері көбейтілген. Қалашық аумағында шамамен 1 800 шаршы метрлік мұз айдыны, биіктігі 6-8 метр, ұзындығы 50 метрден асатын үш қатарлы сырғанақ, ойын алаңдары мен тақырыптық аттракциондар болады.
Биыл ерекше назар ертегі пойызына аударылған. Ол үшін Лондондағы әйгілі Кингс-Кросс вокзалы үлгісінде арнайы станция салынады. Келушілер Гарри Поттер фильмдерінің атмосферасын еске түсіретіндей безендірілген пойызға отырып, шағын саяхат жасай алады.
Сонымен қатар қонақтардың жайлылығы үшін жылы жабық орындар, кафелер, фуд-корттар мен гриль аймағы қарастырылған.
Ұйымдастырушылар қысқы маусымда Wonderland Astana қалашығына миллионнан астам адам келеді деп болжап отыр.
Қысқы қалашық дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 11:00-ден 00:00-ге дейін, ал сенбі және жексенбі күндері 10:00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істейді.
