Отандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің жоғары наградасы-ҰОК орденімен марапатталды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
22 жастағы спортшыға марапатты Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин табыстады. Марапаттау рәсімі Астанада өткен Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылған.
Салтанатты жиында отандық спорт пен Олимпиадалық қозғалыстың дамуына үлес қосқан бірқатар спортшы мен сала өкілдері де марапатталды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген Олимпиадалық қозғалыс қайраткері» құрмет белгісінің I дәрежесі Данияр Қасқарауовқа табысталды.
Ал II дәрежелі құрмет белгісі ауыр атлетикадан ұлттық құрама өкілдері Александр Уваров пен Алексей Чуркинге, сондай-ақ таеквондодан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Тамирлан Төлелеске берілді. Жастар арасындағы таеквондодан әлем чемпионы Айым Серікбаева Ұлттық Олимпиада комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар таеквондо федерациясының бас хатшысы Арал Садықовқа I дәрежелі, ал Шымкент қалалық федерациясының президенті Олжасхан Уәлихан мен Түркістан облыстық федерациясының президенті Елдос Ахметовке II дәрежелі құрмет белгілері табысталды.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров бұған дейін де мемлекеттік марапатқа ие болған. Биыл 25 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XXV қысқы Олимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін спортшыны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған болатын.
