Алматының Бостандық ауданында жеке тұрғын үйден шыққан өрттен зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіліп жатыр деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Әкімдіктің мәліметінше, баспанасы өрттен зардап шеккен 9 адам қонақ үйге орналастырылған. Оларға заңгерлік көмек көрсетіліп, жоғалған құжаттарын қалпына келтіруге жәрдем беріліп жатыр.
Сондай-ақ аудан әкімдігі дін өкілдерімен бірлесіп, қаза тапқандарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды өз міндетіне алған.
Қазіргі уақытта оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі жүр. Ол жедел қызметтердің жұмысын үйлестіріп, зардап шеккендерге қажетті көмектің көрсетілуін бақылауда ұстап отыр.
Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасы үшін осындай ауыр кезеңде оларға барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда, – делінген әкімдік хабарламасында.
Көмек алу және өзге де мәселелер бойынша тұрғындар Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty бірыңғай байланыс орталығына 109 нөмірі арқылы хабарласа алады. Орталық тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.
Өрттің шығу себебі мен оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.
