Елімізде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Премьер-министр Олжас Бектенов шетелдік инвесторлармен кездесуде бағдарламаның ел экономикасы үшін маңыздылығына тоқталып, халықаралық әріптестікке жол ашатынын атап өтті.
Жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңызы мен ауқымы жекелеген нысандардың құрылысымен шектеліп қалмайды. Шын мәнінде, Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты экономикалық дамуы үшін жаңа негіз қалануда. Бұл ретте осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру халықаралық әріптестер үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан озық инженерлік шешімдерді, заманауи құрылыс стандарттарын және тиімді басқару тәжірибелерін енгізуге мүдделі. Сонымен қатар құрылыс материалдары, жабдықтар мен жинақтауыштарды бірлесіп өндіру мәселесіне де басымдық берілмек.
Айта кетейік, «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын мемлекеттік комиссия бақылайды. Оның құрамына мемлекеттік орган басшыларымен қатар журналистер, депутаттар, сарапшылар мен қоғам өкілдері енгізілген.
