Еңбекке қабілеттілігінен айырылғандарға екі төлем беріледі

Елімізде енді мүгедектік және еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген азаматтар бір мезгілде екі түрлі әлеуметтік төлем ала алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Мемлекеттік мүгедектігімен жәрдемақы республикалық бюджет есебінен төленеді және еңбек өтіліне қарамастан тағайындалады. Ал азамат үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген болса, бұған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) ай сайынғы қосымша төлем беріледі.

Қордан төленетін қаражаттың мөлшері әр азаматқа жеке есептеледі. Бұл ретте еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығы және ресми табысы ескеріледі. Ал отбасының материалдық жағдайы төлем мөлшеріне әсер етпейді. Министрліктің түсіндіруінше, төлем еңбекке қабілеттілігінен айырылу кезеңінде сақталады. Егер азаматтың денсаулығы қалпына келмесе, төлем зейнет жасына дейін жалғасады. Сонымен қатар адамның жұмысын жалғастыруы бұл төлемді алу құқығынан айырмайды.

Төлем сомасынан міндетті зейнетақы жарналары ретінде 10 пайыз ұсталады. Осылайша, азаматтың зейнетақы жинақтары да қалыптаса береді. Ал мерзімсіз бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардан зейнетақы жарналары тек өз келісімімен ұсталады. Егер еңбекке қабілеттілігінен айырылу өндірістегі жазатайым оқиға немесе кәсіптік ауру салдарынан болса, қызметкерге жұмыс беруші тарапынан сақтандыру төлемдері де қарастырылған.

Медициналық-әлеуметтік сараптама еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілегеннен кейін тиісті мәліметтер ақпараттық жүйеге енгізіледі. Бұдан соң азаматтың телефонына төлемді рәсімдеу туралы SMS-хабарлама жіберіледі.

Өтінішті eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы беруге болады. Ал еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі алғаш рет белгіленген жағдайда азамат төлемді тікелей медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесінде рәсімдей алады. Министрліктің мәліметінше, төлем алу үшін жеке куәлік пен өтініш қажет.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика