«Елімізде жаңадан қалыптасып келе жатқан Алатау қаласын дамытудың алдағы 30 жылға арналған стратегиялық жоспары қаралды. Бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қалалық кеңесінің отырысында талқыланды», деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Жиында қаланың ұзақмерзімді даму бағыты, арнайы құқықтық режимнің нормативтік негізін қалыптастыру және қалалық басқару жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды.Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында Алатау «қарқынды дамитын қала» ретінде айқындалған. Жаңа шаһар инвестиция мен кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыратын орталыққа айналуға тиіс. Отырыста ұсынылған 30 жылдық даму жоспары заманауи технологияларға бейімделген, инвестициялық тартымды әрі тұрғындар үшін қолайлы қала қалыптастыруды көздейді.
Жоспар халықаралық Arup компаниясының кеңесшілерімен бірлесіп әзірленген. Құжатта қаланың экономикалық және демографиялық әлеуеті, аумақтық ерекшеліктері, көлік және инженерлік инфрақұрылымы жан-жақты ескерілген. Сондай-ақ халық санының өсуі, жұмыспен қамту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қамтылған.

Кеңес отырысында Алатаудың арнайы құқықтық режимін қалыптастыруға арналған екі нормативтік құжаттың жобасы да қаралды. Бірінші құжат нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, қабылдау және қолдану тәртібін белгілейді. Онда құқықтық сараптама жүргізу, жария талқылау және құжаттарды қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жариялау қарастырылған. Екінші құжат арнайы құқықтық режим аясында Алатау резиденттері саналатын заңды тұлғалардың қызметін реттеуге бағытталған. Бұл бастама кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасап, инвесторлар үшін құқықтық сенімділікті арттыруды көздейді.
Бұдан бөлек, қаланың нормативтік жүйесін әзірлеуге қатысатын Реттеуші комиссияның құрамы талқыланды. Комиссия құрамына құқық, инвестиция, қаржылық реттеу, цифрлық активтер және қала құрылысы салаларында халықаралық тәжірибесі бар тәуелсіз сарапшыларды тарту ұсынылыпты.
Жиында Алатау әкімшілігінің мамандандырылған органдарының жұмысын ұйымдастыру мәселелері де қаралды. Олар жер ресурстарын басқару, қала құрылысын жоспарлау, құрылыс жобаларын сүйемелдеу, цифрлық активтерді дамыту және халық пен бизнеске «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету бағыттарында жұмыс істейді.
Отырыс қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, белгіленген мерзімдерді сақтау, нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру жұмыстарын жеделдету және Алатауды дамытудың стратегиялық міндеттерін жүйелі жүзеге асыру қажеттігін тапсырды.
