Алматыда өткен қазақ күресінен республикалық жарыста чемпион атанған Абай облысы, Аягөз ауданының жас спортшысы Темірлан Түркіменов туған жеріне жалғыз қайтқан,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
70 келі салмақ дәрежесінде топ жарған палуан жарысқа өз қаражатымен барып, жаттықтырушысыз қатысқан.
Бұл туралы журналист Гүлжан Қазимова фейсбук желісіндегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, Алматыдан пойызға мінгелі тұрған кезде вагон маңында иығына чемпиондық белдігін асып алған жас жігітті көзі шалған. Жақындап барып жөн сұрасқанда, оның қазақ күресінен өткен республикалық ересектер арасындағы жарыстың жеңімпазы Темірлан Түркіменов екенін білген.
Аягөздің баласы екен. Темірлан Түркіменов деген. Қазақ күресінен Алматыда өткен республикалық ересектер арасындағы жарыстан 70 келі салмақта чемпион атаныпты. Міне, батыр! Тек жалғыз! Тренерсіз жүр екен. Жөнін сұрасам, жекеменшік залда жаттығады екен. Аягөз ауданының намысын қорғауға барған жігіт жарысқа өз қаражатымен барыпты, – деп жазды Гүлжан Қазимова.
Журналист жас спортшының республикалық жарысқа жаттықтырушысыз қатысып, елге жалғыз қайтып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген. Сондай-ақ ол палуанға жол шығыны мен жатын орнына қаржылай қолдау көрсетілсе, артық болмас еді деген пікірін жеткізді.
Республикалық жарыс чемпионына құрмет көрсетіп, қаржылай қолдау көрсетсе деп ойлап қоямын! Аягөз ауданының әкімдігі жалғыз барып, жарыста жеңіспен оралған чемпионды атаусыз қалдырмас!, – деп жазды ол.
Бұл жағдайдан кейін Аягөз әкімдігіне хабарласып, мән-жайды анықтадық.
Темірлан Түркіменов Аягөз ауданының Ақтоғай ауылынан шыққан. Қазіргі уақытта Алматы қаласында білім алып жүр. Ол жарысқа өзі оқитын колледждің атынан қатысқан. Бізге қатысы жоқ,- деді Аягөз ауданының әкімі Айбек Нұғымаров.
Оның айтуынша, Аягөз ауданындағы спорт саласы Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының құзыретіне қарайды.
Аудан әкімдігінің бұл спортшыға қаржы бөлуге заңды негізі жоқ. Қолданыстағы заңнамада мұндай қаражат қарастыру көзделмеген. Сонымен қатар Темірлан Алматы қаласының атынан күресетін спортшы. Ол Аягөз ауданының атынан жарысқа қатыспаған және аудан аумағындағы спорт мекемелерінде жаттықпаған,-деді ол.
Сондай-ақ спортшыға көлік берілді деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізді.
Ал Темірлан Түркіменов өзіне қатысты жағдайға байлынысты фейсбук желісінде пікір қалдырды.
Мен Аягөз ауданы, Ақтоғай стансиясынан боламын. Өзім колледж атынан күрестім. Аягөздің атынан емес. Бұлай болады деп ойламадым. Күрес федерациясына тіл тигізбесек дұрыс болар еді,- деді ол.
Алайда материал дайындалып жатқанда Гүлжан Қазимованың аталған жазбасы автордың парақшасынан көрінбей қалды.
