Айтыскер ақын Надежда Лушникова дүниеден өтті

«Айтыскер ақын, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті», деп хабарлайды Jurtmedia  ақпараттық-сараптамалық порталы.

1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында туған ол қазақ ортасында тәрбиеленіп, білім алған. 1961 жылы М. Мәметова атындағы Қызылорда педучилищесін, 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін  аяқтаған.

Ақынның шығармашылық жолында суырыпсалмалық айтыс өнері ерекше орын алды. Ол 1963 жылы Қызылорда облыстық айтысында жүлдегер атанып, шымкенттік Қалдыбек Әліқұловпен сөз сайысы режиссер Т. Дүйсебаевтың «Айтыс» фильміне енген. Кейін де өнер бәсекелерінде бағын сынап, 1965 және 1978 жылдары Жамбыл аудандық, 1977 және 1979 жылдары Алматы облыстық айтыстарда жеңіске жетті.

Алғашқы өлеңдері 1958 жылы «Ленин жолы» газетінде жарық көрген Надежда Лушникованың «Елім менің» (1962) және «Көңіл хошы» (1970) атты жыр жинақтары жарық көрді. Ол екінші кітабы үшін Қазақстан комсомолы сыйлығын иеленді.

Еңбек жолында 1963-1985 жылдары газетте тілші, баспа редакторы және мектеп мұғалімі болып қызмет етті, ал 1985 жылдан бастап Жамбыл ауданындағы Үмбетбай Кәрібаев мұражайын басқарды.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика