Қазақстандағы 23 мыңнан астам су нысаны цифрлық бақылауға алынды

Астанада су ресурстарының жай-күйін жедел бақылауға және су қорын тиімді басқаруға мүмкіндік беретін  жаңа орталық ашылды» деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы. 

 

Жаңа орталық еліміздегі 23 мыңнан астам су нысаны туралы деректерді талдап, су ресурстары саласындағы ахуалды тұрақты бақылауға бағытталған. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Ситуациялық орталық Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының базасында құрылған.

Орталықтың ашылу рәсіміне Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов, Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Кристина Хонеггер, GIZ ұйымының өңірлік жобаларының жетекшісі Каролина Милов және орталықтың басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла қатысты. Жаңа орталық су ресурстары саласындағы жағдайды жедел бағалап, өзгерістерге уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді. Қатысушыларға орталықтың заманауи техникалық жабдықтары, оның ішінде сегіз экраннан тұратын бейнеқабырғасы таныстырылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы грант қаражаты есебінен Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеген. Қазіргі уақытта бұл жүйе өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген.Ұлттық ақпараттық жүйе 15 модульден тұрады және 12 ведомстволық ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Бүгінде оған еліміздегі 23 мыңнан астам су нысаны туралы мәлімет енгізілген. Сонымен қатар су пайдалануға өтініш беруден бастап, тұтынылған су үшін төлем жасауға дейінгі процестер толық автоматтандырылған.Вице-министр Жандос Сәлімовтің айтуынша, су ресурстарын тиімді басқару үшін суды үнемдеумен қатар, оның қоры, қазіргі жай-күйі мен пайдаланылуы туралы нақты әрі өзекті ақпараттың болуы маңызды.Оның сөзінше, Германия, Швейцария және GIZ ұйымының қолдауымен Ситуациялық орталық қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта орталықтың мүмкіндіктерін кеңейту, ақпараттық деректер қорын толықтыру және жаңа цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасады.

Жалпы, жаңа орталықтың іске қосылуы Қазақстандағы су ресурстарын басқару жүйесін цифрландыруға, су нысандарының жай-күйін бақылауды жетілдіруге және су қорын ұтымды пайдалануға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика