Кеше кешке Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданының аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында 36 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кетті,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
pro.kadry.kz парақшасының жазуынша автокөлік тізгінінде бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек болған.
Алдын-ала ақпарат бойынша оқиғаға дейін тасжолда өзге көлік сиырмен соқтығысқан. Бір топ ер адам жануардың өлексесін тас жолдан алып тастауға әрекет етіп жатқанда, олардың бірі Базарбек басқарған «Rav-4» автокөлігінің астына түскен.
Қазіргі таңда зардап шегуші аудандық ауруханада жатыр. Оған жабық бас-ми жарақаты, мидың соғылуы, жабық пневмоторакс, білек сүйегінің жабық сынуы және сирақ сүйегінің ашық сынуы диагнозы қойылған. Ауруханаға түскен кезде ер адам бірінші дәрежелі травматологиялық шок жағдайында болған,- деп жазды дереккөз.
Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
