Былтырдан бері құрылысы тоқтап тұрған Ақсай өзеніне салынып жатқан бөгеттің жұмысын жартылай жасаған мердігер компанияға қатысты тергеу жүріп жатқанын Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді, деп хабарлады Jurtmedia.kz
Алайда мамандар құрылысы аяқсыз қалған Ақсай бөгетін бақылауда ұстап отырғандарын айтады. «Қазселденқорғау» мекемесі дәл қазір төніп тұрған қауіп жоқ дейді. Олардың болжамынша өзен бастауындағы мұздықтар тек мамыр айында ери бастайды екен.
Ұзындығы 26 шақырымға созылған Ақсай өзені, негізі сел қаупі өте жоғары өзендердің қатарына жатады. Себебі жоғарғы жағында 25 мұздық пен 20 көл бар.
Ал өзеннің төменгі жағында біраз демалыс орны мен төрт-бес ауыл бар. Сол мұздықтар еріген кезде суын сүзгіден өткізіп, тастарды ұстап қалу үшін осыдан төрт жыл бұрын бөгеттің құрылысы басталған. Құжат бойынша биыл толық аяқталуы керек. Бірақ былтырдан бері құрылысы тоқтап тұр. Мердігер компания жұмысты жартылай жасап, 800 миллион теңге алғанын Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді. Оларға қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Ал бөгет құрылысын қашан аяқтайтыны әзірге белгісіз.
Сел 30 мың адамға қауіп төндіруі мүмкін.Сел қаупі мамыр айынан қыркүйек айына дейін жалғасады. Көлдердің деңгейін төмен қарай түсіреміз. Ол сыртына тасып кетпеуі керек. Қауіпсіз деңгейде жұмыс істеп тұруы қажет. Су шығыны жазда 5 текше метрге дейін көтеріледі. Ол ешқандай да қауіп төндірмейді. Жылда кетіп жатқан су,- деді «Қазселденқорғау» ММ Алматы филиалының басшысы Самат Дәуленқанов.
Құрылысы аяқталмай қалған бөгеттің қаншалықты қауіпті екенін «Қазселденқорғау» басшысы Арман Ахметовте жоққа шығармады. Ол қазір мердігер өз міндеттемелерін орындамағандықтан нысанның құрылысы тоқтатылып, тиісті келісімшарт бұзылған бұл күнде құрылысты бастаған мердігермен арадағы келсімі-шарт тоқтатылғанын айтқан. Оның айтуынша сел қаупі аймағында 30 мыңнан астам адам тұрып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің бастамасымен, Қазақстан Республикасының АФМ-не процестік шешім қабылдау үшін тиісті материалдарды тапсырдық. Сел қаупі аймағында 30 мыңнан астам адам бар. Бөгеттің аяқталмаған құрылысы Ақсай өзенінің бойымен өтетін сел жағдайында сел қоймасында жиналуы мүмкін, бұл жағдайда ол аяқталмаған бөгеттің жарылуына және топырақтың шайылуына, қайталама селдің пайда болуына әкеледі. Қазір мореналық көлдер қысқы режимде, көлдің жарылу қаупі жоқ», — деді Арман Ахметов.