Мемлекет басшысы Үкімет пен бақылаушы органдарға сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту және квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың жұмыс сапасын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Тиісті ұсыныстар 24 қарашаға дейін Президентке енгізілуге тиіс. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Президент жоғары лауазым иелерінің жауапкершілігіне тоқталып, ешкімнің заңнан жоғары тұрмайтынын атап өтті.
«Жоғары лауазымға ие болу — әрдайым жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне немесе тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл — мен үшін мызғымайтын ұстаным», деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы соңғы уақытта бірқатар келісім мен шарттың қайта қаралғанын айтып, кейбіріне қол қоюдың қате шешім болғанын жеткізді. Алайда билік кәсіпкерлерге кедергі келтіруді көздемейтінін, керісінше, оларға жан-жақты қолдау көрсету саясаты жалғаса беретінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге қатысты тағы бір үш жылдық мораторий енгізу тапсырылған.
Мемлекет басшысы сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік компаниялардың жұмысына кедергі келтірмеуі керектігін атап өтті. Оның сөзінше, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен мемлекеттік компаниялар, соның ішінде «Қазақстан темір жолы» қалыпты режимде жұмысын жалғастыра береді.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы салынып жатқан нысандардың, әсіресе жолдардың сапасына бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, кейбір нысандардың сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлар кездеседі. Президент қазіргі жағдай мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу және қызмет сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін көрсететінін атап өтті.
Осыған байланысты Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын барынша азайту, квазимемлекеттік сектор компаниялары мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеп, Мемлекет басшысына енгізу тапсырылды.
