Алматы қаласының 24 жастағы тұрғыны алаяқтық деректерімен бірден 29 қылмыстық іске қатысы бар деген күдікке ілінді. Ол азаматтарға трейдинг арқылы жоғары табыс табуға көмектесемін деп, ақшаларын иемденген болуы мүмкін. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Жәбірленушілердің бірі — Тараз қаласының 28 жастағы тұрғыны. Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел тиімді инвестиция салу туралы ұсынысқа сеніп, банктен несие рәсімдеген. Кейін қаражатты өзін инвестормын деп таныстырған адамға аударған. Алдын ала деректерге сәйкес, бұл ұсыныстың артында Алматы қаласының 24 жастағы тұрғыны тұрған. Алайда жәбірленуші уәде етілген табысқа қол жеткізе алмаған. Керісінше, салған ақшасын қайтару кезінде қиындықтарға тап болған. Соның салдарынан оған 1,9 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келген.
Осы дерекпен Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Күдіктіні Ақтөбе қаласының полиция қызметкерлері алаяқтыққа қатысты 29 қылмыстық істі тергеу аясында ұстаған. Қазір оның өзге де алаяқтық деректеріне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
