2023–2025 жылдар аралығында Қазақстанда 3 168 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы анықталған. Оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер, қалғанын өзге тұлғалар, соның ішінде квазимемлекеттік сектор өкілдері жасаған. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәлімдеді деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Президенттің айтуынша, анықталған құқық бұзушылықтарға қатысты жалпы сома 248,2 миллиард теңгеден асады.
Ал биылғы жылдың алғашқы он айында 751 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелген. Оның 546-сын мемлекеттік қызметшілер, 205-ін өзге тұлғалар жасаған.
Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі мәселелер мен қабылданып жатқан шаралар қоғамға ашық көрсетілетінін атап өтті.
Сондай-ақ түрлі деңгейдегі басшыларға қатысты жымқыру фактілерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Бас прокуратурамен бірлесіп тексеретінін айтты.
Өзіміздікі» және «өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылған. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
