Мүфтият қазақы діни атауларды қолдануға шақырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымын күнделікті қарым-қатынаста араб сөздерінің орнына қазақ тіліндегі қалыптасқан атауларды қолдануға шақырды, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

ҚМДБ бұл мәлімдемені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында дінге қатысты дәстүрлі қазақ сөздерінің орнына араб тіліндегі атауларды қолдану үрдісін сынаған пікірінен кейін жариялады.

Діни басқарманың түсіндіруінше, Құран аяттары, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлердің араб тілінде айтылуының өзіндік діни мәні бар. Алайда күнделікті сөйлесуде ана тіліміздегі қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды қолданған жөн.

Мүфтият өкілдері «ифтар», «сухур» сөздерінің орнына халқымызға ежелден таныс «ауызашар», «сәресі» атауларын пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ бес уақыт намаздың қазақша атаулары – таң, бесін, екінті, ақшам және құптан сөздерінің қолданысын еске салды.

Бұдан бөлек, діни ортада жиі кездесетін «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат», «сестра» сөздерінің орнына «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген қазақы атауларды қолдану қажеттігі айтылды.

ҚМДБ пікірінше, бұл — ана тіліне құрмет көрсетумен қатар, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын дәстүрлі сыйластық мәдениетін сақтау жолы.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика