Тараған ақпаратқа сай Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы мен орынбасары жемқорлық дерегі бойынша күдікке ілінген,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық сараптамалық порталы.
Әуе қорғанысы күштері әскери институтының (ӘҚКӘИ) бастығы, авиация генерал-майорыТимур Еспағанбетовке ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігі (ірі мөлшерде пара алу) бойынша күдік тағылды. Оның орынбасары Расул Исаходжаев авиация полковнигі. Оған ҚР ҚК 367-бабы 2-бөлігі (айтарлықтай мөлшерде пара беру) бойынша күдік тағылуда.
Күдіктілерді ұстау операциясын Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жүргізген. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әскери басшылар белгілі бір фирма өкілдерінен пара алды және берді деген күдікке ілінген. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жарияланбайды.
