Автокөліктерге қатысты алаяқтық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген топтың әрекеті әшкереленді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер 56 автокөлікті шетелге заңсыз шығарып, кейін сатуды көздеген. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Тергеу деректеріне сүйенсек, күдіктілер автокөліктерді банктер мен микроқаржы ұйымдарынан жалған адамдардың атына кепілге рәсімдеген. Қаржы ұйымдарынан көліктерді алғаннан кейін оларды Қазақстан аумағынан шетелге шығарып отырған.
Күдіктілерді ұстау операциясы еліміздің бір мезгілде он өңірінде жүргізілді. Нәтижесінде полиция бөліміне 48 адам жеткізілген. Олардың алтауы осы алаяқтық схеманың ұйымдастырушылары болуы мүмкін деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап, шетелге шығарылған автокөліктерді іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл дерекпен қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.
