Астана мен Алматыдан Мысырға тұрақты рейстер ашылады

  1. Air Astana әуе компаниясы желтоқсан айынан бастап Алматы мен Астанадан Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласына тұрақты рейстерді іске қосады деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Алматыдан алғашқы рейс 10 желтоқсанда, ал Астанадан 11 желтоқсанда орындалады.

Бұған дейін Шарм-эль-Шейхке әуе қатынасы тек чартерлік рейстер арқылы жүзеге асырылып келген. Енді жолаушылар билеттерді әуе компаниясының ресми сайты, мобильді қосымшасы, сату кеңселері мен аккредиттелген туристік агенттіктер арқылы сатып ала алады.

Тұрақты рейстердің ашылуы Қазақстаннан ұшу бағыттарын кеңейтіп, жолаушыларға сапарды өз бетінше жоспарлауға мүмкіндік береді, дейді Air Astana компаниясының коммерциялық жоспарлау және кірісті басқару жөніндегі аға вице-президенті Ерболат Байсалыков.

Алматыдан Шарм-эль-Шейхке рейстер дүйсенбі және бейсенбі күндері, ал Астанадан сейсенбі және жұма күндері орындалады. Рейстер Airbus A321 әуе кемелерімен жүзеге асырылады.

Рейстер кестесі:

Алматы – Шарм-эль-Шейх:

  • Ұшу уақыты – 07:20;
  • Жету уақыты – 11:50;
  • Ұшу ұзақтығы – 7 сағат 30 минут.

Кері рейс Алматыға 22:10-да жетеді.

Астана – Шарм-эль-Шейх:

  • Ұшу уақыты – 06:50;
  • Жету уақыты – 10:45;
  • Ұшу ұзақтығы – 6 сағат 55 минут.

Кері рейс Астанаға 20:50-де қонады.

Барлық уақыт әуежайлардың жергілікті уақытымен көрсетілген.

Әуе билеттерінің бағасы

Алматы – Шарм-эль-Шейх – Алматы бағыты бойынша екі жаққа ұшатын билеттің ең төменгі құны:

  • Эконом-класс – 283 690 теңге;
  • Бизнес-класс – 597 864 теңге.

Астана – Шарм-эль-Шейх – Астана бағыты бойынша:

  • Эконом-класс – 283 734 теңге;
  • Бизнес-класс – 588 932 теңге.

Бағаларға барлық алымдар енгізілген.

Мысырға бару үшін қандай талаптар бар?

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 21 жасқа толмаған қазақстандықтар Мысырға ата-анасының біреуімен бірге ғана кіре алады.

Ал 21 жасқа толған азаматтар сапары тек Шарм-эль-Шейхпен шектеліп, 15 күннен аспайтын жағдайда визаны халықаралық әуежайда рәсімдей алады.

Егер туристер Каирге, Хургадаға немесе Мысырдың басқа қалаларына баруды жоспарласа, сапар алдында Қазақстандағы Мысыр елшілігінен виза алуы қажет.

Әуе билеттерін Air Astana компаниясының ресми сайты, мобильді қосымшасы, сату кеңселері мен туристік агенттіктер арқылы сатып алуға болады.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика