Кәсіпкерлер лицензияны енді автоматты түрде ала алады

Елімізде бизнеске арналған бірқатар лицензиялар мен рұқсаттарды беру процесі автоматтандырылды деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы

Енді кәсіпкерлер қажетті құжаттарды жинап, бірнеше апта күтпей-ақ, электронды өтініш арқылы тиісті рұқсат ала алады.

Бұған дейін жекелеген лицензиялар мен рұқсаттарды рәсімдеу 15-30 күнтізбелік күнге дейін созылатын. Кәсіпкерлер құжаттарды жинап, мемлекеттік органдарға тапсырып, олардың тексеріліп, шешім қабылдануын күтуге мәжбүр болатын.

Қазір автоматтандырылған қызметтер бойынша өтініш беру жеткілікті. Жүйе қажетті ақпаратты мемлекеттік деректер базаларынан өзі алып, белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Барлық шарт орындалған жағдайда оң шешім автоматты түрде қалыптастырылады.

Осылайша, бұрын бірнеше аптаға созылған рәсім енді қысқа уақытта орындалады. Бұл ретте шешім мемлекеттік орган қызметкерінің қатысуынсыз, бірыңғай талаптар негізінде қабылданады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті төрайымы Айнұр Юсупованың айтуынша, бұл өзгерістер мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшірумен ғана шектелмейді. Алдымен әкімшілік рәсімдер оңтайландырылып, артық талаптар мен кезеңдер жойылған.

Цифрландырудың нәтижесі енгізілген ақпараттық жүйелердің санымен емес, азаматтар мен бизнес үшін болған нақты өзгерістермен өлшенуі тиіс. Егер шешімді шынайы цифрлық деректер мен нақты талаптар негізінде қабылдауға болса, ол автоматты түрде қабылдануы тиіс – деді Айнұр Юсупова.

Оның сөзінше, мұндай тәсіл адами фактордың ықпалын азайтып, кәсіпкерлердің уақытын үнемдеуге және әкімшілік кедергілерді қысқартуға мүмкіндік береді.

Автоматты шешім қабылдау тетігі қазірдің өзінде құрылыс, ауыл шаруашылығы, сыртқы сауда, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау салаларында қолданылып жатыр.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика