Алматы қаласында Bal halal компаниясының басшысы мемлекеттен бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратурамен бірлесіп жүргізген тергеу барысында 2023-2024 жылдары компанияның «Ғылым қорынан» төрт жобаға 1,15 млрд теңге алғаны анықталған. Қаржы өсімдік шикізатынан макарон өнімдерін өндіру және микронутриенттермен байытылған ұн шығару жобаларына бөлінген.
Алайда тексеру кезінде сатып алынған жабдықтардың жоспарланған өнімдерді өндіруге жарамсыз екені белгілі болған. Тергеу мәліметінше, компания басшысы қаражатты иемдену үшін таныстарының атына тіркелген және өзге де компаниялар мен жеке кәсіпкерліктердің шоттарын пайдаланған. Атап айтқанда, SMART 15 компаниясына жабдықтар мен қызметтерге ақы төлеу сылтауымен 736,4 млн теңге аударылған.
Сонымен қатар жобалардың орындалғаны тек құжат жүзінде көрсетіліп, өндіріс орындарына бармай-ақ мониторинг актілері рәсімделген. Күдікті қолма-қол ақшаға айналдырылған 88,5 млн теңгені заңдастыру мақсатында компания шоттарына енгізіп, оны жобаларды бірлесіп қаржыландыруға қосқан өз үлесі ретінде көрсеткен.
ҚМА мәліметінше, мемлекетке келтірілген жалпы шығын 945 млн теңгеге жеткен. Компания басшысы қамауға алынды. Сот санкциясымен жалпы құны 830 млн теңге болатын мүлкіне, оның ішінде бес жер телімі, төрт автокөлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық нысан мен зергерлік бұйымдарға тыйым салынды.
