11 қарашада Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалынан Қазақстанда швейцариялық технология бойынша құрастырылған Stadler вагондарынан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Жаңа вагондар күн сайын №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» бағыты бойынша қатынайды. Пойыз Астанадан сағат 13:10-да жөнелтіліп, Алматыға келесі күні сағат 08:30-да жетеді.
Алғашқы сапар алдында БАҚ өкілдеріне жаңа вагондардың техникалық жабдықталуы мен жолаушыларға жасалған жағдай таныстырылды. Сондай-ақ алғашқы жолаушыға естелік сыйлық табысталды.
Stadler вагондары Қазақстанның климаттық жағдайына бейімделген. Олар –50-ден +45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға есептелген. Вагондардың қызмет ету мерзімі – 40 жыл.
Купе вагондары 40 жолаушыға, ал плацкарт вагондары 58 жолаушыға арналған. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін вагондар климаттық бақылау жүйесімен, жеке жарықтандырумен, 220 В розеткаларымен, USB және USB-C қосқыштарымен, Wi-Fi желісімен, бейнебақылау жүйесімен және багаж орналастыру орындарымен жабдықталған.
Сонымен қатар қозғалысы шектеулі жолаушыларға арнайы жағдай қарастырылған. Пойыз құрамында вагон-буфет те бар.
Қазіргі уақытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдаған. Келісімшартқа сәйкес, 2030 жылға дейін Қазақстанға 557 жолаушылар вагоны кезең-кезеңімен жеткізіледі. Кейін оларға сервистік қызмет көрсету көзделген.
Stadler вагондарынан жасақталған келесі пойыз 13 қарашада «Нұрлы жол – Семей» бағыты бойынша қатынай бастайды.
Билеттерді bilet.railways.kz сайты мен теміржол кассаларынан сатып алуға болады.
