eGov-та жәрдемақыдан бас тарту сервисі іске қосылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы қазан айынан бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан ерікті түрде бас тартуға мүмкіндік беретін цифрлық сервисті іске қосты деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Жаңа қызмет тек мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып жүрген азаматтарға қолжетімді. Ол eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталы арқылы жұмыс істейді.

Министрліктің түсіндіруінше, төлемдерден бас тарту азаматтың міндеті емес, өз еркімен қабылдайтын шешімі. Сервис мемлекеттік қолдауға мұқтаж емес, өз қажеттіліктерін дербес қамтамасыз ете алатын азаматтарға арналған.

Қызметті пайдалану үшін eGov Mobile қосымшасына кіріп, жүйе ұсынған әлеуметтік төлемдер тізімінен бас тартқысы келетін төлемді таңдап, электрондық өтінішті растау жеткілікті. Қосымша қажетті мәліметтерді автоматты түрде тексереді.

Министрлік әлеуметтік төлемнен бас тарту азаматтың болашақта мемлекеттік қолдауға қайта өтініш беру құқығын шектемейтінін атап өтті. Өмірлік жағдайы өзгерсе, азамат төлемді қайта тағайындауды сұрай алады.

Ведомство азаматтарды алаяқтардан сақ болуға шақырды.

Сервис тек eGov Mobile мен eGov.kz ресми платформаларында қолжетімді. Министрлік мессенджерлер арқылы төлемдерден бас тартуға арналған сілтемелер жібермейді, -деді министрлік.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика