Ресейден әкелінген жұмыртқалар шекарадан өткізілмеді

Ресейден Қазақстанға тасымалданған 605 мың дана тауық жұмыртқасынан ветеринариялық талаптардың бұзылғаны анықталды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық сараптамалық порталы.

Өнімнің сыртқы қаптамасында міндетті таңбалау жапсырмалары болмаған. Соған байланысты екі жүк көлігі кері қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жұмыртқа тиелген екі жүк көлігі Самара облысынан Қызылорда облысына бағыт алған. «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде жүргізілген тексеру кезінде өнім қаптамасында таңбалау жапсырмаларының жоқтығы анықталған.

Осыған байланысты жүк тиелген көліктер кері қайтарылды. Ал жүргізушілерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.

Жалпы, жыл басынан бері өңірдегі ветеринариялық бақылау бекеттерінде 294 заңбұзушылық тіркелген. Нәтижесінде 294 көлік кері қайтарылып, 147 адамға қатысты әкімшілік шаралар қолданылған.

Ведомство жүк тасымалдаушыларға Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қолданыстағы ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау қажеттігін еске салды.

Айта кетейік, өнімнің тиісті таңбалануы, ветеринариялық құжаттардың дұрыс рәсімделуі және тауардың белгіленген талаптарға сәйкестігі мемлекеттік шекарадан заңды түрде өткізу үшін міндетті.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика