Жоғарғы Сотқа жаңа судья сайланды

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында Асан Ескендіров Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болып сайланды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малаховтың айтуынша, судьялыққа кандидатураны Мемлекет басшысы ұсынған. Асан Қайруллаұлы сот жүйесінде 30 жылдан астам уақыт қызмет еткен.

Атап айтқанда, ол еңбек жолын 1991 жылы Көкшетау облысы Ішкі істер департаментінде сарапшы болып бастаған. Әр жылдары әділет органдарында, Көкшетау қалалық сотында, Астана және Ақмола облыстарының соттарында қызмет атқарған.

2002-2008 жылдары Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотын, 2008-2012 жылдары Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотын басқарған.

2012-2015 жылдары Ақмола облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы болды.

Сондай-ақ 2016 жылдан бастап жеті жыл  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметін атқарған. 2022 жылғы желтоқсанда Конституциялық Соттың судьясы болып тағайындалған.

Асан Ескендіров 1971 жылы дүниеге келген. 1996 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Айта кетейік, биыл қазан айында Жоғарғы Соттың алты судьясы қызметінен босатылған болатын.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика