Ғылымға бөлінген миллиардтар: Аудит бірқатар кемшілікті анықтады

Қазақстанда ғылым саласын қаржыландыру көлемі соңғы жылдары екі есеге өскенімен, ғылыми зерттеулердің экономикаға нақты қайтарымы төмен деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық сараптамалық порталы.

Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит нәтижесінде 51 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық анықталып, тағы 47 млрд теңгенің бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны белгілі болды.

Бұл туралы Құрылтайдың жалпы отырысында Палата төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2022-2025 жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Алайда ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалатын шығындардың ЖІӨ-дегі үлесі небәрі 0,16%. Бұл ретте жоспарлы көрсеткіш 1% болған.

Аудит барысында ғылыми жобаларды басқару мен қаржыландыруда бірқатар кемшілік анықталды. Атап айтқанда, 2023-2025 жылдарға арналған 393 ғылыми-техникалық тапсырманың 149-ы орындалмаған. Оларға 67 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар 2025 жылғы ғылыми конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған, — деді Әлихан Смайылов

Палата төрағасы ғылыми жобалардың нәтижесі көбіне нақты экономикалық тиімділікпен емес, жарияланған мақалалар, алынған патенттер мен есептік құжаттар арқылы бағаланатынын атап өтті.

Мәселен, аудит кезінде іріктелген 60 патенттің бірде-бірі бойынша оны пайдалану туралы келісім жасалмаған. Ал Ғылым қоры коммерцияландыру деңгейін 44% деп көрсеткенімен, аудиторлар бірыңғай әдістеме бойынша бұл көрсеткіштің 16% ғана, — деді ол.

Аяқталған 141 жобаның тек 38-і, яғни 27%-ы соңғы үш жылда өнімді тұрақты сата алған. Қаржы көлемі 22 млрд теңгені құрайтын қалған 103 жоба өндіріс пен сату бойынша күткен нәтижеге жетпеген.

Бұған қоса, 176 жоба бойынша жалпы сомасы 16 млрд теңгені құрайтын түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген.

Мемлекет қаражатының басым бөлігі ғылыми жобаның қорытынды нәтижесі бағаланғанға дейін төленеді. Қолданыстағы тәртіп бойынша қаржының 96-98%-ы орындаушыға алдын ала беріледі” – деді Әлихан Смайылов.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 51 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық анықталып, 47 млрд теңгенің бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны белгілі болды. 36 дерек бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілік мәселесін қарау үшін уәкілетті органдарға жолданған. Тағы үш дерек құқық қорғау органдарына берілмек.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика