Тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы кафе мен мейрамханалар жабылуы мүмкін

Тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатындағы кафе мен мейрамханалар сот шешімімен жабылуы мүмкін. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.

Бұл туралы бүгін Үкіметтегі брифингте Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов мәлімдеді.

Тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналасқан дәмхана мен мейрамханалар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған жағдайда айыппұл салынып, тіпті сот шешімімен жұмысы тоқтатылуы мүмкін.

Министрдің айтуынша, тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналасқан кәсіпкерлік нысандармен, соның ішінде қоғамдық тамақтану орындарының басшыларымен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, нысан қызметкерлерімен арнайы оқу-жаттығулар ұйымдастырылады. Сондай-ақ Мұрат Мұханов тұрғындар өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғанын байқаса, өңірлердегі Төтенше жағдайлар департаменттеріне шағымдана алатынын атап өтті.

Оның сөзінше, тұрғындардан түскен өтініштер негізінде тиісті нысандар заң талаптарына сәйкес тексеріледі. Егер заңбұзушылықтар расталса, кәсіпкерлік нысандарына әкімшілік шаралар қолданылып, кемшіліктерді жою үшін нақты мерзім көрсетілген нұсқама беріледі.

Белгіленген мерзім аяқталған соң, анықталған заңбұзушылықтардың жойылған-жойылмағанын тексеру үшін жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Ал талаптар орындалмаған жағдайда, нысанның қызметі сот шешімімен тоқтатылуы мүмкін.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика