Ақтөбе облысының Байғанин ауданында жергілікті табиғи төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды,—Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Аудан орталығында қатты екпінді желдің салдарынан байланыс мұнарасы жеке тұрған бір қабатты дүкеннің шатырына құлады. Оқиға салдарынан үш адам жарақат алды. Барлық зардап шеккендерге аудандық ауруханада қажетті медициналық көмек көрсетілді, — делінген әкімдік берген ақпаратта.
Әкімдіктің мәліметінше, аймақ басшысының орынбасары Ғалымжан Елеуов облыс әкімі Асхат Шахаровтың нұсқауымен ауданға барды. Ол зақымдалған құрылымды тексеріп, электр желілеріндегі қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысқан.
Елеуов төтенше жағдайлар комиссиясының отырысын өткізіп, залалды бағалау, зақымдалған нысандардың тізімін жасау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар қызметтерін үйлестіру мәселелерін талқылады.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар бригадалары қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда, осы тұрғыда барлық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген.
