Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Ақордада өткен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA басшысы сапарының екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтіп, оның отандық жасанды интеллект экожүйесін дамытуға қосқан үлесіне ризашылық білдірді.
– NVIDIA компаниясымен ықпалдастыққа соны серпін беру тұрғысынан сапарыңыздың мәні зор. Серіктестігімізді нығайту жолындағы және Қазақстанның игілігі үшін атқарып жатқан еңбегіңізге алғыс айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды ұлттық басымдық ретінде атады, сондай-ақ биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын еске салды.
NVIDIA жетекшісі Президенттің жаңа өнеркәсіптік революцияның бастапқы кезеңінде Қазақстанды жасанды интеллект елі ретінде өркендету жөніндегі стратегиялық мақсатын жоғары бағалады.
– Жасанды интеллектіні дамыту үшін, ең алдымен, мол қуат көзі, сондай-ақ ғылым, математика мен технология салаларында білім-білігі жоғары мамандар керек. Осы бағыттардың әрқайсысын дамытуға Қазақстанның әлеуеті жеткілікті, – деді Дженсен Хуанг.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанда жасанды интеллектінің дамуына үлес қосқаны үшін құрметті қонақты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

