Белгілі ақын-қаламгер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы» Аман Кәлетаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған еске алу шарасы өтті,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық — сараптамалық порталы.
Мерейтой Тарбағатай ауданының орталығы Ақжардағы аудандық кітапханада өткен «Қаламгер және қоғам» атты дөңгелек үстелден басталды.
Шараға Астана мен Алматыдан, Ертіс пен Алтайдың арасын жалғаған Семей мен Өскеменнен ақын-жазушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасарсы Ербол Нұрғалиев, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ғалым Қалибекұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, жазушы Нұрдәулет Ақыш, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан, Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев, Медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлеубай Рақыпбеков, Қазақ спорт және туризм академиясының президенті, Қайрат Закариянов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Маралтай Райымбекұлы, Қазақстан Жазушылар Одағы Шығыс Қазақстан филиалының төрағасы, ақын Әлібек Қаңтарбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, ақын Мерей Қарт, Л.Гумилов атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев және ақын, Серікзат Дүйсенғазиндер Аман Кәлетаевтың шығармашылығы жайлы ойларын ортаға салып, ақынның «Жәннатым – Елім» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімін жасады.
Ақын Аман Кәлетаевтың аталған таңдамалы жыр жинағына кіндік қаны тамған жер, өскен орта мен туған ел туралы философиялық терең ойға толы сағынышты сезім сырларын тербейтін өлеңдері мен бір топ лирикалық жырлары енген. Адамгершілік пен ізгілікті темірқазық етіп, лирикаға толы сағыныш сезімдерін қозғайтын ақын поэзиясы оқырманын бей-жай қалдырмайды. Кітап ақынның биылғы 80 жылдығына арнайы шығарылды.
Одан әрі шара аудандық мәдениет үйінде «Есіне бір түсермін тірілердің…» атты поэтикалық кешіне және жазба ақындардың жыр фестиваліне ұласты.
Кеш шымылдығын Қазақстанның халық әртісі, белгілі сахна саңлағы, кинорежиссер, актер Досхан Жолжақсынов ашты. Ақын Аман Кәлетаев туралы түсірілген «Іңкәр үміт» атты деректі фильм көрсетіліп, сахналық қойылым көрермен назарына ұсынылды.
Кеш соңында жырдан шашу шашқан ақындар марапатталды. Шара соңында Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы Дархан Аманұлы Кәлетаев жиналған жұртшылыққа отбасы атынан ризашылығын білдірді.
Кешкісін аудан тұрғындары мен қонақтары Қабанбай батыр атындағы орталық саябақта «Мұз-Арт» тобының «Тарбағатайға тағзым» атты гала концертін тамашалады. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Қарагөз Сүлейменова, әншілер Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Тоқтар Серіков және жергілікті әншілер әннен шашу шашты.

