Қазақстанның Еңбек ері, ақын Мұхтар Шаханов 85 жасқа қараған шағында өмірден өткендігі туралы хабар тарады,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Қаралы хабарды Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары ақын Қасымхан Бегманов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Осыдан шамалы уақыт бұрын ақынның ауыр халде ауруханада жатқандығы туралы ақпарат тараған болатын.
Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов жаңа ғана хабарласып, Қазақстанның Еңбек Ері, ұлтымыздың ұлы ақыны, ардақты ағамыз Мұхтар Шахановтың мына жалған дүниеден өткені жайлы қаралы хабарды жеткізді.Екі сүйікті перзенттері — Қуаныш пен Рауанның бірінен соң бірінің мезгілсіз дүниеден өткені ағамыздың жүрегіне ауыр соққы болғанын сезінгенмін. Қайран, Мұхтар аға, сіз, халқымыздың алдындағы перзенттік парызыңызды адал атқардыңыз.Баршаңызға қайғырып көңіл айтамын. Ағамызды соңғы сапарға аттандыру жайлы хабарды қосымша хабарлайтын боламыз,-жазды Қ. Бегманов
