Бигелді ҒАБДУЛЛИН: Қаламгер өз мүмкіндігін бәсеңдетіп алғанына жүйе емес, өзіміз кінәліміз

Қоғамда жаңа Конституцияның жобасын талқылау жүріп жатқанда қоғам тарапынан жаңа нұсқадағы елдік, ұлттық мәселелерге қатысты тұстарында, зиялы қауым әсіресе қаламгерлер «жалтақтық танытты, батыл үн қоса алмады»,- деген пікірлер жиі айтылуда. Әсіресе, осы әрекеттерге Қазақстан жазушылар одағы мен оның қазіргі басшылығын, кінәлі етіп көрсеткен пікірлер де айтылып жатыр. Осындай пікірлерге орай Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы Қазақстанның құрметті жазушысы, халықаралық ПЕН клубтың президенті Бигелді Ғабдулиннің пікірін білді.

Бигелді аға, өзіңіз белгілі қаламгер ретінде соңғы кезде жаңа Конституциямыздың жобасына қатысты Қазақстан Жазушылар одағы мен оның басшылығына қоғам тарапынан айтылып жатқан кейбір сыни пікірлерге не айтасыз? Жалпы, қалай қабылдадыңыз?

Иә, соңғы күндері Қазақстан Жазушылар одағы мен оның төрағасы Мереке Күлкеновтің атына біраз сын айтылып жатыр. Негізгі кінәлау қарапайым да қатаң: Жаңа Конституция жобасын талқылауда азаматтық батылдықтың жетіспеуі. Мен де әріптестерімді қоғамға дәл осы сәтте хор емес, жеке дауыстар қажет болып тұрған кезде «тым ұйымшыл», саптық қол шапалаққа бой алдырды деп сынауға мәжбүр болдым.

Мен жаздым және тағы да қайталаймын: қай заманда да жазушы күн тәртібін түсіндіруші немесе ресми салтанаттың қатысушысы ретінде емес, дәуірдің ар-ұжданын еститін, оның нәзік үнін жеткізетін тұлға ретінде қабылданған. Оның сөзі қатты шыққаны үшін емес, дер кезінде айтылғаны үшін емес, шындығы үшін бағаланған. Ыңғайлылығы үшін емес, әрбір затты өз атымен атай алғаны үшін қадірленген. Халық жазушыдан адал әрі жауапты сөз күтеді. Тегіннен-тегін оларды бір кезде «адам жанының инженерлері» деп атамаған. Бұл анықтамамен дауласа беруге болады, бірақ қоғамның сол үміті әлі жойылған жоқ.

— Ата заңды талқылау кезінде қаламгерлерге деген реніш, негізінен қазақ тілінің болашағына қатысты бапқа келген кезде көбірек туды.  Мүмкін, үндемей қоя салу керек пе еді?

Жаңа Конституция жобасы талқыланғанда әңгіме партиялық талғам немесе белгілі бір саясаткерлерге деген симпатия туралы емес. Мәселе — жазушылық миссияның өз мәніне адалдықта. Қоғам өз интеллектуалдарынан есептен емес, ар-ожданнан туған ойлы да дербес көзқарас күтуге құқылы. Мұндай күндері үнсіздік сөзден де қатты естіледі, ал жоғарыда айқанымдай тым «ұйымшылды түрде» қолдап қол соғулар күмән тудырады.

— Қалай ойлайсыз, өзіңіз айтып отырғандай қаламгерлердің жеке дауысын жеткізе алмауына қоғамның Қазақстан жазушылар одағын кіналауы қаншалықты орынды?

Бұл жерде екі ұғымды ажыратып алған жөн. Мен еркін шығармашылық иелері ретінде қазақ жазушылары туралы айттым, ал Қазақстан Жазушылар одағын институт ретінде сөз еткен жоқпын. Бұлар екі бөлек құбылыс. Оларды шатастыру – әңгіменің өзегін алмастыру.

Нағыз жазушы – лауазым мен мүшелік билеттен әлдеқайда биік ұғым. Ол қателесуі мүмкін, көпшіліктің көңіл күйіне немесе биліктің ықыласына қарсы жүруі мүмкін, бірақ оның көзқарасы еркін. Оның миссиясы хаттамаларда емес, кітаптарда. Ол халыққа науқанға қатысу арқылы емес, әдебиеттің абыройын қорғап, өз атынан сөйлеу арқылы қызмет етеді.

Ал Жазушылар одағы мүлде басқа құрылым. Ол 1932 жылғы 23 сәуірде БК(б)П Орталық Комитетінің қаулысымен құрылып, бұрынғы барлық әдеби бірлестіктерді алмастырды. 1934 жылы КСРО жазушыларының Бірінші съезінде құрылым түпкілікті рәсімделіп, басқарма төрағасы болып Максим Горький сайланды. Содан бері КСРО Жазушылар одағы мемлекеттік идеологияның қуатты құралына айналды. Ол әдебиетшілердің тағдырын айқындап, бірін көтермелеп, бірін күйретті. Онда жазушылардың тұрмысына қамқорлық таныту мен олардың ойына бақылау қатар жүрді.

 — Соңғы ойыңызды ашып айтыңызшы? Сонда, қазіргі Жазушылар одағы да сол алғашқы кеңестік  жүйемен, бұрынғы талаппен жұмыс істеп отыр дегіңіз келе ме?

Қалай десек те, қазіргі Қазақстан Жазушылар одағы сол құрылымның принципін мұра етіп алды. Әрине, репрессиясыз, лагерьсіз, ату тізімдерінсіз. Бірақ институттың логикасы сол күйінде: саяси маңызы бар науқандар кезінде ол биліктің орбитасына түсіп, сол тілде сөйлей бастайды. Бұл нақты адамдардың жеке кінәсі емес, жүйенің табиғаты. Одақ осы рөлден бас тарта ала ма? Екіталай. Басқарма төрағасының кандидатурасы ең жоғары деңгейде бекітіледі.

— Сонда Сіздіңше, Одақ төрағасы дауыс беру арқылы сайланбайды ма?

Жазушылар съезі формалды түрде алдын ала қабылданған шешімді заңдастырады. Кеңес заманында да солай болған, бүгін де солай. Мұндай жағдайда ұйымнан көрсетілімдік тәуелсіздік күту аңғалдық болар еді. Бір жүйеге кіріктірілген институт өзін дербес алаң ретінде ұстай алмайды.

Мереке Күлкенов кәсіби әрі ұқыпты жұмыс істейді. Дәл осы қасиеттері оны Ақорда үшін қолайлы етеді. Ол биліктің күткенінен бөлек, дербес бағыт ұстана ала ма? Бәлкім, жоқ. Жазушының рөлін түсінбегендіктен емес, тағайындау тетігін және рұқсат етілген шектің қайда екенін жақсы түсінгендіктен.

Бұл шығармашылыққа тікелей әсер ете ме? Меніңше, жоқ. Бүгінде ешкім жазушыларға тақырып таңып, роман жоспарын түсіріп, сюжетті бекітпейді. Әдістемелік нұсқаумен тұтас ұжымдар жазатын кеңестік тәжірибе де артта қалды. «Қаламдарыңызды біз бағыттаймыз» деген формула партия жиналыстарының хаттамаларымен бірге архивте қалды.

Жазушылар мәтіні үшін түрмеге қамалмайтын кезеңге отыз жылдан асты. Ресми цензура жоқ. Міндетті ода, тапсырмамен жазылатын өндірістік роман жоқ. Бостандық бар секілді. Бірақ осы еркіндік жағдайында бізде жаңа Әуезовтер шықпай отыр. Дәуірдің моральдық бағдаршамына айналатын тұлға пайда болмай тұр.

-Мұның негізгі себебі не?

Міне, парадокс дәл осында. Біз сыртқы қысымнан құтылдық, бірақ ішкі батылдыққа жете алмадық. Жазушылар одағы жүйеге кіріктірілген болуы мүмкін, ал жазушының өзі ондай емес. Оның еркіндігі репрессиядан емес, жалғыздықтан, танымал болмаудан, қақтығыстан қорқу аяқталған жерде басталады.

Тыйым жоқ кезде неге үлкен сөз тумайды – бұл ауыр сұрақ. Мүмкін, мәселе институттарда да, төрағаларда да емес, біздің қолайсыз болуға дайындығымызда шығар. Еркіндік – тек сөйлеу құқығы емес, айтқаның үшін жауап беру міндеті. Егер бүгін әдебиет өз мүмкіндігінен бәсеңдетіп алса, оған жүйе ғана емес, өзіміз де кінәліміз.

Біздің әдеби өміріміздің парадоксы, міне, осында. Ал оған жауап менде әлі де жоқ.

-Осы жаңа Конституция жобасы арнайы комиссия құрылып талқыланып жатқан тұста қазақ тілінің болашағы тікелей қатысты 9-баптың екінші тармағына пікірін ашық білдірген Ермахан Шайхы, Елдос Тоқтарбай секілді қаламгерлердің Одақтағы қоғамдық негіздегі қызметінен шеттетілуі туралы не айтасыз?

Мен олардың жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлерімен таныс емеспін. Сондай-ақ, Елдос Тоқтарбайдың Жазушылар одағында балалар әдебиеті секциясы басшысы қызметінен босатылуының себебі туралы да пікір білдіре алмаймын. Естуімше оның онда ақысыз жұмыс істеген. Иә, бұл рас. Бірақ бір ескеретін жағдай, Тоқтарбай Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағының бірлескен жобасы аясында соңғы екі жылда жазған екі кітабы үшін Жазушылар одағынан 8 миллион теңге қаламақы алғанын білемін.

— Ашық ойларыңызды ортаға салып, сұхбат бергеніңізге алғыс айтамыз.

 Сұхбаттасқан, Нұрболат АДЫРБЕК

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика