Павлодарлық зейнеткер алаяқтарға алданып қала жаздады

Павлодарда сауда орталығына барған зейнеткер телефон алаяқтарының арбауына түсіп, қомақты қаржысынан айырылып қала жаздады ,— деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы. .

Polisia.kz. сайтының жазуынша қаскөйлердің психологиялық қысымына сенген ол 4 млн теңгесін «қауіпсіз шотқа» аудармақ болған.

Алаяқтар алғашқы қоңырау кезінде өздерін медициналық мекеме қызметкерлері ретінде таныстырып, тексеруден өту сылтауымен SMS-кодты атауын сұраған. Қауіпті сезбеген зейнеткер қажетті мәліметтерді айтып қойған. Кейіннен олар «қауіпсіздік қызметі» ретінде қайта хабарласып, оның банк шоттарына қауіп төніп тұрғанын алға тартып, барлық қаражатын дереу басқа шотқа аударуға көндірген. Қатты алаңдаған зейнеткер есепшотынан 4 млн теңге шешіп алып, Batyr Mall сауда орталығына барған.

Алаяқтар онымен телефон арқылы байланысын үзбей, әр қадамын бақылап отырған. Алайда қылмыс ІІМ oқу орталығының қызметкері Салтанат Каримованың қырағылығының арқасында кесілді.

Егде жастағы азаматтың мінез-құлқындағы күмәнді әрекеттерді байқаған ол дереу полиция шақырып, зейнеткерді ақшаны аударудан сақтап қалуға тырысқан.

Осындай сәттерде бейжай қалмай, күмәнді жағдайды байқасаң, дереу әрекет ету өте маңызды. Сол сәтте мен тек адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жөн санадым, — деді Салтанат Каримова.

Полицейлердің жедел әрекеті мен қызметкердің қырағылығының арқасында зейнеткер өз қаражатын сақтап қалды, ал алаяқтар қылмыстық ниетін жүзеге асыра алмады.

Фото: дереккөзден

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика