Мемлекет басшысы ауыл әкімдерінің еркін пікір айтып, ұсыныстарын ортаға салуға шақырды, деп хабарлайды Jurtmedia порталы.
Бұндай ұсынысты Президент Астанада өтіп жатқан ауыл әкімдерінің диалог платформасы форумында жеткізді.
Мінберге көтерілген Абай облысы Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов ауыл әкімдері алаңсыз жұмыс істеуі үшін заңнамаға өзгеріс енгізуді ұсынды.
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Вагулино ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкина шекара маңындағы ауылдарды дамыту, заңды тұлғалардан жиналатын салықтың бір бөлігін елді мекендерге беру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, ол ауыл әкімдерінің мемлекеттік дерек қорларына қолы жетпей отырғанын айтты
Мемлекет басшысы осы салаға жауапты Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиевтен аталған жағдайды түсіндіруді талап етіп, мәселені шұғыл шешуді тапсырды.
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Медет Бекжанов елді мекен әкімдері өз міндеттеріне жатпайтын жұмысты атқаратынын жеткізді.
Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы ауылдағы кадр тапшылығы мәселесін қозғады. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды
