Танымал әзілкеш әрі актер Жахан Отарғалиев алғаш рет өзінің жаңа отбасылық өміріне қатысты сыр шертті, деп жазады Jurtmedia порталы.
Көпшіліктің назарынан тыс қалып келген жеке өмірі жайлы Revuenews-ке берген сұхбатында ол үшінші жұбайының балаларымен қарым-қатынасы туралы айтты. Актердің сөзінше, ол олардың туған әкесінің орнын басуға тырыспайды және балаларға өзін «әке» деп атауға рұқсат етпеген.
Отарғалиев бұл шешімнің себебін былай түсіндірді:
«Балалардың өз әкесі бар. Сол адам тұрған кезде мені “әке” деп атау дұрыс емес деп ойлаймын. Адам қанша жерден қиналса да, басына түскен күйге байланысты ондай қадам жасауға болмайды. Біз алғаш танысқан сәттен-ақ “Мен сіздерге көкемін. Қолдаушы боламын, қорғаймын, бірақ сіздердің әкелеріңізді алмастырмаймын” деп түсіндірдім».
Актер өгей балаларын туған қыздарындай жақсы көретінін, олардың келешегіне алаңдайтынын жасырмады. Дегенмен, өзінің әкелік сезімі де бар екенін ашық айтты:
«Қанша жақсы көрсем де, қолдап жүрсем де, жүректің түбінде “Өз балам қашан болады?” деген ой тұрады екен».
