ақпарат ағыны

Сарапшылар осы жылы инфляция 7,5% мұнай бағасы 80 доллардан түспейді деп отыр  

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады, деп хабарлады Jurtmedia.kz

Бас банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 10 ұйым қатысқан. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кірген.

ҰБ өкілдері макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банктің болжамдары кірмейтінін атап өтті. Онда ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың дамуына қатысты нарықтағы кәсіби қатысушылардың дербес пікірлеріне, бағалаулары мен күтулеріне шолу жасалған.

Қаңтарда респонденттер 2024 және 2025 жылдарға арналған күтулерін жаңартып, болжамды кезеңді 2026 жылға дейін кеңейтті. Осылайша, 2024-2025 жж. арналған мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Респонденттердің медианалық күтулері бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы бүкіл болжамды кезеңде орта есеппен баррель үшін 80 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасатын болады. Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты 2024-2025 жж. арналған болжамдары, сәйкесінше, 4,5% және 5% деңгейінде сақталды. 2026 жылы ЖІӨ 4,2%-ға өседі деп күтілуде.

Сарапшылар инфляция бойынша 2024 жылға арналған болжамын 8%-дан 7,5%-ға дейін біршама жақсартты. Ал, 2025 жылға арналған болжам аса өзгерген жоқ – 6,9% (алдыңғы болжам – 7%). Болжамды кезеңнің соңына қарай респонденттер инфляцияның 5,8%-ға дейін баяулауын күтеді.

Сарапшылардың жауабына қарасақ алдағы жылы базалық мөлшерлеме де бір шама тқмендеуә мүмкін екен. бәрақ бұған дейінгі болжанған межеден біршама жоғары болады деп отыр.

Респонденттер 2024 жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша күтулерді орташа жылдық 12%-дан 13,5%-ға дейін көтерді. 2025 жылға арналған мөлшерлеме болжамдары 10% деңгейінде сақталды. 2026 жылы респонденттер базалық мөлшерлеменің айтарлықтай төмендеуін күтпейді. Сөйтіп ол болжам 9%-ды құрады,- деп жазды Ұлттық банк.