Талғар ауданындағы №36 мектеп бюджет қаржысын қалай мақсатсыз жұмсады?

Фото: Gov.kz

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Ақтас ауылындағы №36 жалпы білім беретін орта мектептің шаруашылық бөлімінде жұмыс істейтін Серікжан Елеуханұлы Бекмұратов 2023 жылдан бері аталған білім ордасында мемлекеттік мүлікті талан-таражға салу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және бюджеттік қаржыны мақсатсыз жұмсау фактілеріне куә болып келетіндігін жеткізді, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Осыған байланысты ол бұл жайтты қоғам назарына жеткізуді жөн санап, сайт тілшісіне баяндап берді.

Көгілдір отынмен жылитын мектепке дизель отыны неге керек?

– 2023 жылғы 13 қыркүйекте Талғар аудандық білім бөлімінің әдіскері Солтанбаев Серік маған №36 мектепке 107 810 литр дизель отынын қабылдап алу туралы бұйрық берді. Алайда, біздің мектеп 2022 жылдан бастап толықтай газбен жылытуға көшкен, сондықтан дизель отынының еш қажеттілігі жоқ. Мен бұл тапсырманың заңсыз әрі негізсіз екенін айтып, бас тарттым. Ол кезде шаруашылық бөлімінің орынбасарының орнына қалған едім. Тура сол күні ауданда Солтанбаев Серік Еспанұлы деген кісі мені шақырып, «мынаны қабылдаңыз» деді. Мен мектеп толық газбен қамтылғанын, бізге солярканың қажеті жоғын айттым. «Мен не айттым соны орындайсыз немесе жұмыстан кетесіз» деді. Сонда да өз сөзімде тұрып, қабылдамайтынымды айттым. Мектеп директоры ашуланып, «Неге қабылдамайсың? Қайдағы бір шаруашылық меңгерушісісің, қабылдамасаң мені директорлыққа бекітпейді, қол қой да жібер, бұл жылда болатын жұмыс, аудан өзі реттейді. Бұл бастықтың тапсырмасы, орындамасаң жұмыстан шығасың» деп ескерту жасады. Тағы да келіспейтінімді айтып, қол қоймай қойдым. Сөйтіп, еңбек демалысындағы шаруашылық бөлімінің орынбасары Болат Чимчиков деген кісіні шақырып, сол кісі қабылдап алды. Бұл факт мектептің кіріс құжаттарында бар», – дейді Серікжан Елеуханұлы.

Оның айтуынша, кейінірек қағаз жүзінде «жылу маусымында жағылды» деген дизель отыны мектеп ауласынан ұшты-күйлі «жоғалған».

«Мен бұған келіспегенім үшін сол кездегі мектеп директорының міндетін атқарушы Динара Салимжанова және аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірова тарапынан қысымға ұшырадым. Содан соң Сәлімжанова басқа мектепке директор болып ауысты, Чимчиков Болат зейнетке шықты» деген ол бұл әрекеттің кейін де жалғасын тапқанын жеткізді.

Ол ол ма, мектепке кейін келген жаңа басшы Гүлжанат Тоқтыбаева мен оның орынбасары ретінде тағайындалған Мұрат Сайлыбаев алдыңғы басшылардың әрекеттерін жасыру мақсатында актілерді қолдан түзетіп, мүліктік жетіспеушілікті «жабуға» тырысқан көрінеді.

Тексеру нәтижелері не берді?

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Ақтас ауылындағы №36 жалпы білім беретін орта мектептің шаруашылық бөлімінде жұмыс істейтін Серікжан Елеуханұлы бұл фактілер бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне, Бас прокуратураға және Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Алматы облыстық департаментіне ресми арыз жазғанын айтты.

«Ішінара тексеру нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Мектепте жұмыс істемейтін бірнеше қызметкерге сыртынан жалақы төленіп келгені белгілі болды. Бұл әрекеттің барлығын бөлім басшысының нұсқауымен Сағымбаева Фая деген есепші атқарып келген. Дегенмен, 107 810 литр дизель отыны мәселесіне көзжұмбайлықпен қарап отыр.

«Маған қысым мен қауіп төніп тұр»

Мектептегі былықтың бетін ашқан Серікжан Елеуханұлы бүгінде өзіне қысым көбейгенін жасырмады.

«Белгісіз адамдар соңымнан аңдып, әлеуметтік желіге жариялаған бейнематериалымды өшіруді талап етуде. Жұмыс орнымда да мені әртүрлі сылтаумен қудалау әрекеттері байқалуда. Дегенмен, менің талабым – құқық қорғау органдарының төмендегі лауазымды тұлғаларға қатысты тәуелсіз, әділ тексеру жүргізіп, қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраймын. Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпіровадан бастап, аудандық білім бөлімінің әдіскері Серік Солтанбаев, бұрынғы директордың міндетін атқарған, қазіргі уақытта басқа мектептің директоры Динара Салимжанова, №36 мектептің материалдық бухгалтері Алия Абдыкадырова, аудитор Абішов Талғат, бұрынғы шаруашылық жөніндегі орынбасары Болат Чимчиковтың заңсыз әрекетіне баға беріп, жұмысына тыңғылықты тексеріс жүргізілсін», – дейді білім ұясындағы былықты әшкере еткен Серікжан Бекмұратов.

Себебі, ол газбен жылынатын мектепке не себепті дизель отыны жеткізілетініне аң-таң. Бұл – мемлекеттің қаражатын жымқырудың, талан-таражға салудың анық көрінісі деп санайды.

Динара ДҮРМӘН

Соңғы жазбасы

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика