Кремль Тоқаевтың Петербордағы сөзін кешіре алмаған

Ertenmedia.kz. дереккөзіне сүйенсек, Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров президент Тоқаевтың ұстанымымен келіспейтінін ашық мәлімдеген,-деп хабарлайды JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Оның айтуынша, аумақтық тұтастық өз жеріндегі барлық халықтың мүддесін толық қорғай алған елдерге ғана қатысты сақталуы тиіс.

Секеңнің сөзі қаз-қалпында оқып шығыңыз:

«Кез келген мемлекеттің жері (аумағы) сол күйінде сақталуы үшін, сол елдің үкіметі өз жерінде тұратын бүкіл халықтың жағдайын, құқығын дұрыс қорғай алуы керек.

Егер үкімет осы міндетін орындай алмаса, онда сол елдің аумағының бір бөлігі «біз өзімізді өзіміз басқарғымыз келеді» деп бөлініп шығуына болады.

Ондай жағдайда ол аумақ тәуелсіз болуға немесе басқа елге қосылуға тырысуы мүмкін. Әлем елдері бұл шешімді мойындауға тиіс болады», — дейді Лавров.

Айта кетелік, осыдан үш жыл бұрын (Ресей Украинаға басып кірген тұста) Петербор форумында сөз сөйлеген президент Тоқаев ЛНР мен ДНР секілді квазимемлекеттерді мойындамайтынын мәлімдеген.

«Дәнецкі? Луганскі? Әлемдегі әрбір халық өзіне жеке мемлекет құруды талап етер болса, жер бетінде қазіргідей 193 ел емес, 500-600-ден аса мемлекет пайда болады. Әр мемлекеттің қазіргі бар аумағы, жері сақталуы тиіс. Елдердің шекарасын өзгерте беруге болмайды. Бұл халықаралық тәртіп пен тыныштықтың басты шарты», — деп шегелеген еді Мемлекет басшысы.

🇰🇿 Ақорданың позициясы айқын: халықаралық құқықты сақтап, аумақтық тұтастыққа қол сұғылмау қағидасын ұстану.

Лавровтың түсінігінде белгілі бір аймақтың халқы «біздің құқымыз қорғалмайды» деп шулап шықса, сол аймақтың бөлек шығатын құқы бар. Тиісінше, бүтін бір мемлекеттің аумақтық тұтастығын да жоққа шығаруға болады.

Соған қарағанда Кремль Тоқаевтың Петербор форумындағы мәлімдемесін кешіре де, ұмыта да алмаса керек. Ресейлік дипломаттың сөзі Ақорда идеологтарына сабақ болар деген ойдамыз. Солтүстікті қазақтандыру қарқынды жүруі тиіс.