Түркістан облысында Сарыағаш қаласын айналып өтетін 102,6 шақырымдық төрт жолақты автожолдың құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 4,1 млн текше метр жер жұмыстары орындалған. Жобаға 594 жұмысшы мен 393 арнайы техника жұмылдырылған. Жобалау жұмыстарының 75 пайызы аяқталған.
Бүгінде 48 су өткізгіш құбыр орнатылып, 69 шақырым аумақта топырақтың құнарлы қабаты алынған. Құрылысқа қажетті инертті материалдар мен темірбетон бұйымдарына да тапсырыс берілген.
Жоба аясында 8 көлік айрығы, 6 жол өтпесі, 37 көпір және 190 су өткізгіш құбыр салу жоспарланған.
Жаңа айналма жол Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық көлік қатынасын жақсартып, транзиттік тасымал көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Сарыағаш қаласының орталығындағы көлік жүктемесін азайтып, кептелісті төмендетуге және жол жүру уақытын қысқартуға ықпал етеді.
