Танымал тележүргізуші Асхат Садырбай бұрынғы жұбайы Айғаным Қорабаеваның үстінен сотқа талап-арыз түсіріп, 1,5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп беруді сұрады. Бұл жөнінде Qaz365.kz дереккөзіне сілтеме жасаған JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлады.
Азаматтық іс Алматы қаласының азаматтық істер жөніндегі сотында қаралып жатыр. Іс материалдарынан белгілі болғандай, тележүргізуші бұрынғы жұбайына Instagram, TikTok, YouTube және Facebook әлеуметтік желілерінде оның ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар таратты деп айыптап отыр. Атап айтқанда, арыз-шағымда Асхат Садырбайға қатысты бұрынғы әйелі айтқан физикалық қысым көрсетіп, бала үшін сотқа сүйрегені және қорлық көрсеткені туралы мәлімдемелер шындыққа жанаспайды және жеке өмірге қол сұғушылық деп бағаланған.
Талап-арызда төмендегідей өтініштер көрсетілген:
- жарияланған ақпараттарды жалған деп тану;
- әлеуметтік желілер арқылы аудио-бейне форматта кешірім сұрау мәлімдемесін жариялау;
- жазбаша кешірім хатын жолдау;
моральдық зиян ретінде 1 500 000 теңге көлемінде өтемақы төлеу; - кешірім жазбасы мен хаттың көшірмесін «Астарлы ақиқат» бағдарламасының редакциясына ұсыну.
- Азаматтық іс 2025 жылдың 21 ақпанында қозғалғанымен, қазіргі таңда тараптардан ресми түсініктеме алынбаған.
- Бұл ретте Айғаным Қорабаева сот процесінің ашық өтуін талап етіп, БАҚ өкілдерінің сот отырысына қатысуы қажет екенін мәлімдеген.
Бұл жағдай қоғам назарына ілігіп, қоғамдық тұлғалардың жеке өмірі мен беделі, әлеуметтік желідегі жарияланымдардың құқықтық салдары мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Мәселе шешімі сот процесінің нәтижесі бойынша белгілі болады.